Болашақты бағдарлай отырып

Кеше еліміздегі ең көне екі кәсіпорын: Қазақстандағы академиялық бейіндегі ең көне зерттеу орталықтарының бірі, әрі  Орталық Азия өңіріндегі географиялық бейіндегі жалғыз ғылыми-зерттеу институты болып табылатын География және су қауіпсіздігі институты (басшысы – Басқарма Төрағасы – Ахметқал Рахметуллаұлы Медеу) мен ауыл шаруашылығындағы өндірістің негізгі құралы ретінде жер қорын зерттеу мақсатында 1936 жылы құрылған Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты  (АШАІМИ) басшыларының (директоры – Нұрбол Нұрлыбекұлы Салыбеков) қызықты кездесуі өтті.

Жерді қашықтықтан зондтау деректеріне негізделген цифрлық негіздерді құру, сондай-ақ түрлі масштабтағы арнайы және тақырыптық карталарды жасау кездесудің басты себебі болды.

Бүгінгі таңда жинақталған картографиялық материалдар мен деректер зерттеудің аралық кезеңін ғана көрсетпей, әрі қарай зерттеу жүргізіп, практикада қолдану үшін негіз ретінде пайдалануға лайық болуы тиіс.

Бұл, әсіресе, нақты және өзекті деректер шешім қабылдауда және процестерді оңтайландыруда шешуші рөл атқаратын ауыл шаруашылығының картографиясы мен су ресурстарын қорғау кезінде өте маңызды.

Қазақстандағы картография және геоақпараттық технологиялар саласын дамыту үшін осы кездесудің болашақта қызықты бағдар берері сөзсіз.