Ауыл шаруашылығы министрінің АШАІМИ-ге жұмыс сапары

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институтына жұмыс сапарымен барды. Кәсіпорын директоры Нұрбол Салыбеков осы оқиғаның кәсіпорын үшін маңыздылығын атап өтті.
Сапар барысында министр жер қорын ауыл шаруашылығындағы өндірістің негізгі құралы ретінде зерттеу мақсатында 1936 жылы құрылған көне кәсіпорынның қызметімен танысты. Сондай-ақ заманауи аграрлық сектордағы маңызды құрал ретінде кәсіпорын өнімдері – ауыл шаруашылығы карталары ұсынылып, даму перспективалары талқыланды.
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жер ресурстарын басқаруды жақсартуға, ауыл шаруашылығы өндірісін оңтайландыруға және ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған, алға қойылған бастамалардың маңыздылығына баға беріп, кәсіпорынның:
кең ауқымды пайдаланушылар үшін жер туралы ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығына ықпал ететін ашық қолданыстағы ауыл шаруашылығы карталарын жасау;
орман белдеулерінің қорғаныш функцияларын сақтау және қалпына келтіру, егіншілікті тұрақтандыру үшін олардың өмірлік циклін ұзарту, егісті құрғақшылықтан, аңызақ желден, дефляциядан және су эрозиясынан қорғау үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердегі агроорман-мелиорациялық екпелерді (қорғаныш орман белдеулерін) түгендеу;
мемлекеттік жер кадастры және жерді есепке алу, ауыл шаруашылығындағы статистика мен есептілікті қадағалау, жер балансын сәйкес келтіру мақсаттары үшін пайдаланылатын жер контурларының ауданын есептеу;
жер ресурстарын оңтайландыру және ұтымды пайдалану үшін ауыл шаруашылығы айналымына тартылған ауыл шаруашылығы алқаптарына түгендеу жүргізу;
облыстар бөлінісінде еліміздің аумағындағы ауыл шаруашылығы алқаптары туралы ақпаратты жүйелеп, ретке келтіретін ауыл шаруашылығы алқаптарының атласын құру;
орман ресурстарын тиімді басқарып, олардың тұрақты дамуына ықпал ететін орман картасын жасау секілді бағыттарының іске асырылуына қолдау білдірді.
Министр осы іс-шаралардың сәтті іске асырылуына сенім білдіріп, ауыл шаруашылығын одан әрі дамытып, ауыл тұрғындарының өмірін жақсарту үшін маңыздылығы басым екенін атап өтті.