2026 жылғы 13 маусымда БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы (UNCCD) аясындағы халықаралық «Жібек жолы керуені» (Silk Road Caravan) делегациясы Қазақстанға келіп, «АШАІМИ» РМК қызметімен танысты.
Италия, Германия, Моңғолия және басқа да елдерден келген қонақтар кәсіпорынның қызметі туралы кеңірек ақпарат алып, мекеменің мұражайын аралады.
Сондай-ақ делегация «Қазақстандағы Ұлы Жібек жолы бойынша саяхаттың» жабылу салтанатына қатысты. Іс-шара барысында әртүрлі елдердің өкілдері баяндама жасады.
АШАІМИ директоры Нұрбол Салыбеков өз баяндамасында шөлейттену мен жайылым деградациясы климаттың өзгеруі, су тапшылығы және антропогендік қысыммен байланысты жаһандық проблема екенін атап өтіп, оны шешуде халықаралық ынтымақтастықтың маңызына ерекше тоқталды.
Баяндаманың негізгі өзегі – цифрлық агро-геоақпараттық карталар болды. Нұрбол Нұрлыбекұлының айтуынша, бұл карталар жердің нақты жағдайын бағалауға, өзгерістерді бақылауға, тәуекелдерді болжауға және тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
«АШАІМИ» РМК ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыруды дамытып, жер қоры туралы толық кеңістіктік деректер беретін цифрлық карталар жүйесін қалыптастырып келеді. Ол жер кадастры, мониторинг және жерді басқару сияқты мемлекеттік міндеттерді жүзеге асыруға негіз болады.
«Жібек жолы керуенінің» Қазақстанға келуі тамыз айында Ұлан-Баторда өтетін БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы (COP17) қарсаңында халықаралық ынтымақтастықты нығайта түсті.
Бүгін АШАІМИ-дің 90 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік ұйымдардың, ғылыми қауымдастықтың өкілдері мен халықаралық серіктестер қатысты. Конференция барысында геодезия, картография, жер ресурстарын басқару және ауыл шаруашылығын цифрландыру салаларындағы өзекті мәселелер талқыланды.
Кәсіпорын директоры Нұрбол Салыбеков АШАІМИ-дің 90 жылдық тарихының маңызына ерекше тоқталды: «Тоқсан жыл – жай ғана мерейтой емес. Бұл – бірнеше буын мамандарының қажырлы еңбегі мен кәсіби біліктілігінің, үздіксіз ізденіс пен дамудың шежіресі. Осы жылдар ішінде кәсіпорын еліміздің жер ресурстарын зерттеу, есепке алу, мониторинг жүргізу және картографиялау саласының қалыптасуы мен дамуына қомақты үлес қосты. Осы ретте кәсіпорынның ардагерлері мен бұрынғы басшыларына ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, көрегендіктеріңіз және өз ісіңізге деген адалдықтарыңыздың арқасында бүгінгі жетістіктеріміздің берік іргетасы қаланды.
4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай АШАІМИ қызметкерлері еліміздің Әнұранын орындап, Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаның мәртебесін ұлықтады. Кәсіпорын басшысы Нұрбол Салыбеков ұжымды айтулы мерекемен құттықтап, мемлекеттік рәміздеріміздің маңызы мен құндылығына тоқталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы № 802 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесіндегі негізгі бағыттардың бірі ретінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, сондай-ақ олардың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау және азайту айқындалған.
Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторларда сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою мақсатында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы Заңында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу көзделген. Аталған талдау сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын жасауға ықпал ететін сыбайлас жемқорлық факторларын анықтауға және зерделеуге бағытталған.
АШАІМИ мұражайында Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге арналған Құрмет тақтасы ілінген. Тақтада кәсіпорында еңбек етіп жүрген кезінде майданға аттанған ардагерлердің есімі жазылған.
Ұлы Жеңіс – қан майданда Отан үшін от кешкен жауынгерлер мен тылда тынымсыз еңбек еткен ел азаматтарының ортақ ерлігі мен өлшеусіз жанқиярлығының жемісі. Бүгінгі бейбіт өмір мен берекелі тіршілік – сол бір қайсар буынның төзімі мен табандылығының, елге деген адалдығының арқасы.