Бейсенбі, 25 Сәуір 2019

АЭРОҒАРЫШТЫҚ КАРТА ЖАСАЙТЫН КӘСІПОРЫн

Бөлім:  Статьи Бейсенбі, 14 Желтоқсан 2017 07:10

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институтционалдық реформасын жүзеге асыруға бағытталған 100 нақты қадамының «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бөлімінде, ел экономикасын одан әрі дамытуда жерді тиімді пайдаланудың маңызы зор екені көрсетілген. Ауыл шаруашылығындағы жер ресурстарын тиімді пайдаланып, жүктелген міндеттерді іске асыру қажет. Еліміздегі жер ресурстарын басқарудың негізгі бір саласы «Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты» РМК директоры, Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты Әбдіғали БЕГМАНОВПЕН әңгімелестік.

Әбдіғали Салбекұлы, өзіңіз басқарып отырған ұжым – ауыл шаруашылығы үшін картографиялау жұмыстарымен айналысатын елі­міздегі жалғыз кәсіпорын, сондықтан арқалайтын жүгі де ауыр болар? 
– Бүгінгі таңда жер ресурстарын басқару саласында күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселенің бастысы – ауыл шаруашылығы карталарын жаңартып, қайтадан жасау. Өйткені жер бедерлері үнемі өзгерісте бола­ды. Оған қоса жаңа елдімекендер, жаңа ғи­ма­рат­тардың құрылыстары соңғы 10-20 жылдың ішінде күрт көбейді. КСРО кезіндегі аэро­фотогеодезиялық тұрғыда жасалынған ауыл шаруашылығы карталарының мерзімі әлде­қашан өтіп кеткен, ескірген. Сондықтан осы өзекті мәселені тездетіп орнына келтір­ме­сек, ертең кеш болады. Қазіргі кезде кәсіп­орын­ның алдындағы міндет – карталардың маз­мұ­нын жаңарту, оларды түсіндіру, детали­зациялау процестері. 2007 жылы Жерді пайдалану жөніндегі агенттігі карто­графиялық мате­риал­дардың ескіруін ескере отырып, табиғи және экономикалық аймақтарға байланысты оларды жаңарту мерзімін: ауыл шаруашылығының қарқынды салаларына жататын суармалы жерлер, мелиора­тивті аумақтардың 1:10 000 мас­ш­та­б­ты картасын жасауға 6-8 жыл; дамыған дақыл­дар шаруашылығы және мал шаруа­шы­лы­ғы салаларының картасын жасауға (масш­табы 1:25 000) – 10-15 жыл; шөл және шөлейт аймақтардың картасын жасауға (масштабы 1:50 000) – 20 жыл немесе одан көп болуы мүмкін деп белгіленген. Республика аумағының картографиялық материалдарын орташа жылдық жаңартылуы 2005 жылдан 2016 жылға дейін ел аумағының тек 42 пайызын көрсетті. Биыл жылы Павлодар облысының аумағына цифрлық карталарды жаңарту жұмысы аяқталады. Келесі жылы бюджеттік өтінімге сәйкес, Солтүстік Қазақстан облы­сы­­ның аумағын картаға түсіру аяқталады. Жоспар бойынша Алматы облысындағы қарқынды ауыл шаруашылығы жерлерін картаға түсіру 2019 жылы, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында 2020-2021 жылдары аяқталады. Ғарыштық, аэро­фото­түсірілімдер және дешифрлау элементтері негізінде жаңартылған ауыл шаруашылығы картасы жер ресурстарын тиімді және ұтымды басқарылуын қамтамасыз етуге, соның ішін­де жердегі жағдайдың өзгеруін қадағалау­ға мүмкіндік береді. Пайдаланылмай бос жат­қан жер учаскелерін мемлекеттік меншікке қайтару үшін анықтау және ауылшаруашылық өндірісінде бос жерді пайдалану жөнінде шаралар қабылдау үшін де өте қажет. Жылына 80 мың шаршы шақырым аумақтың жоспар­лы-картографиялық материалдары жаңарты­лады, ол республика аумағының 3 пайызын ғана құрайды. Жоғарыда айтып кеттім, Агенттік бекіткен жоспарлы-картографиялық материалдарды жаңарту мерзімдерін сақтау үшін жылына республика аумағының 10 пайызын жаңарту керек, ол 240 мың шаршы шақырымды құрайды.
– Елі­міз­дің аграрлық секторындағы ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезия­лық іздестіру мемлекеттік институтының рөлі қандай? 
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақ­стан халқына Жолдауында еліміздің аграрлық секторына баса назар аударады. Атап айтатын болсақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер­лер­дің пайдаланылу жағдайын мони­торинг­теу, сонымен қатар пайдаланылмай жат­қан барлық жерлерді нарықтық айна­лым­ға шығару үшін оларды мемлекетке қайтару, жер­­ді пайдалану тиімділігін арттыру, суар­малы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңей­тіп, 2 миллион гектарға жеткізу қажет­тігін айтқан.
Еліміздің табиғат ерекшелігіне қарай, негізінен ауыл шаруашылығынан тұратын республика аумағының едәуір көлемділігін ескерсек, бұл мәселені жерүсті тәсілдерімен шешу мүмкін емес. Көрнекі, ауқымды ақпаратпен қамтамасыз ететін заманауи, мазмұнды картографиялық материал қажет. Бұл жағынан алғанда «Ауыл шаруашылығы аэрофотогеодезиялық іздестіру мемлекеттік институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны республика аумағын аэро және ғарыштық түсірулер негізінде жер беті бедер­лерінің фотобейнесін жасайтын, ауыл шаруа­шылығы үшін картографиялау қызме­тін көрсететін, картографиялық материалдармен қамтамасыз ететін республикадағы, тіпті Орталық Азия өңіріндегі жалғыз өнім беруші. Бізде ауыл шаруашылығы алқаптарының және өзге санаттағы жерлердің сандық және сапалық сипаттамалары, олар­дың жіктелуі бойынша жоғары деңгей­дегі кадастрлық ақпаратты бере алатын ерек­ше сандық ауылшаруашылық карталары жасалады. Су мен жел эрозиясы туындай бастаған учаскелерді, топырақтың ылғалдану деңгейін, тұздануын, қарашіріндінің бар-жоғын және тағы басқа тек фотографиялық картадан ғана анықтауға болады. Оның үсті­не ауыл шаруашылығы картасын барлық санат­тағы жерлерге мониторинг жасау үшін, жыл­дар бойы бақылау жүргізу негізінде тал­дау жасау жолымен оларда болып жатқан өз­ге­рістерді анықтау үшін пайдалануға болады, сонда алуан түрлі жағдайлар мен табиғи құбылыстар бойынша болжамдар жа­сау­ға мүмкіндік туады. Мысалы, өңір­лердегі суғару тораптары жағда­йы­ның өзгерістері, құмдауыт шөлді жерлердегі өзге­рістер қарқынын мониторинг­теу, тапталған жайы­­лымдарды қал­пына кел­тіру жұмыстарын және жыл­­жымалы құмдарды тоқтату жұмыстарын жүргізу үшін керек. Мұздықтардың жыл­жуы мен морендік көлдердің толуы туралы мәліметтер береді, сонымен қатар архео­ло­гиялық қазба­лар жүргізу үшін және тағы көп­теген басқа жұмыс­тарды жүргізу үшін мони­торингтеу жұмыстарын жүргізу – әр салаға өз пайдасын тигізеді.
– Ғарыштық және аэрофототүсірілімдер арқылы карта жасауда кәсіпорын инновациялық тех­нологияларды кеңінен пайдаланатын шығар?
– Әрине. Ауыл шаруашылығын картаға түсіру жұмыстарын 1: 25,000 және 1:50 000 масштабында қолданудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету үшін кәсіпорын KazEOSat-1 қазақстандық жоғары дәлдіктегі спутниктің ғарыштық суреттерін пайдалана бастады. Жерді қашықтан зондтау деректерін қолда­ну­ға келсек, «Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ ара­дағы келісім аясында «ҚазЭоСат» Қазақ­стан­дық жерсерігінен алынған ғарыштық суреттерді пайдалану арқылы кәсіпорынды дамытудың жаңа мүмкіндігі ашылды. Осы мақсатта Кәсіпорын ERDAS (АҚШ) жоғары деңгейлі бағдарламалық жабдықтарын сатып алды. Ғарыш суреттерін қолданудың ерек­ше­лі­гі айқын. Бұл бір түсіріліммен үлкен ау­мақ­ты қамту, экономикалық тиімділік, өңделетін материал азайғандықтан, жұмыс уақытын қысқартады. Сондай-ақ жақында біз әріп­тес­тік қарым-қатынас орнату мақ­сатын­да ұш­қыш­сыз әуе құралдарын пайдалану бойынша РобоАвиа БМ-мен меморандум жасадық. Ұшқышсыз әуе құралдары ауыл шаруа­шы­лы­ғы­ның жерлерін бақылау, топографиялық аэротүсірілімдер жасау, мұнай және газ магистральдарына мониторинг жүргізу сияқты жұмыстарға өте қолайлы. Инновация­лық технологияны басқа жағынан да пайда­ла­нып жатырмыз, кәсіпорын сандық ауыл­шар­уашылық фото картасын, оның ішінде тақырыптық қабаттар жиынтығын жақсарту бойынша жұмыс істеуде. Бүгінде кәсіп­орын­ның – фотографиялық негіз, коор­ди­наттық тор мен геодезиялық желі, облыс­тардың, аудан­дардың, ауылдық округтардың шекара­лары туралы ақпараттар, гидрография эле­менттері, ауыл шаруашылығы алқа­п­та­ры­ның түрлері, елдімекендер мен өндірістік аймақтар бойынша, коммуникациялар мен құрылыс­тар, рельеф қабаттары және тағы басқа ақпараттар қамтылатын көп қабатты карталар жасауға мүмкіндігі бар. Қазір біз ауыл шаруа­шы­лығы субъектілерінің, жергілікті атқару­шы және өзге де мүдделі органдардың сұра­ныс­тарын ескере отырып, қосымша қабат­ара­лық ақпараттарды көрсететіндей етіп карталарды жетілдіруді, ғарыштық түсіру мате­риалдарын өңдеу бойынша жаңа бағ­дар­ла­­малық өнімдерді енгізу жолымен өндірісті жаңғыртуды қолға алдық. Ауыл шаруашылығы үшін картографиялаудың барлық сандық материалдары енгізілетін, бүкіл мүдделі субъек­тілерге қашықтан қол жеткізу мүмкін­ді­гін беретін геопортал ашуды жоспарлап отырмыз.
– Кәсіпорынның соңғы жылдардағы атқарған жұмыс көрсеткіштері қандай?
– Отызыншы жылдары Қазақстан, Орта Азия және Алтай мен Сібір аумақтарын аэрофототүсіру негізінде жергілікті жерлерді ауыл шаруашылығы үшін картографиялау мақсатында ашылған кәсіпорын – бұл күндері толық кемеліне келіп, сол мақсат үдесінен шыға білді. Өткен жылғы мемлекеттік тапсырыс аясында, «Жер ресурс­тары туралы ақпараттарға қолжетім­ді­лік­ті арттыру» бюджеттік бағдарламасының және «Мемлекеттік жер кадастрының мәліметтерін қалыптастыру» кіші бағдарламасы негізінде республика аумағында ауыл шаруашылығы үшін картаға түсіру бойынша жүргізілген аэрофотогеодезиялық жұмыстардың көлемі 413,6 миллион теңгені құрады. Қолдағы бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, биыл 62,0 миллион теңге көлеміндегі келі­сім­­­шарттық жұмыстарды орындау жоспарда тұр. Кәсіпорын – еліміздің аграрлық секто­рын­ның нығаюы мен дамуына сөзбен емес, іспен ықпал етіп отырған табысты мекеме.
– Сіз басқарып отырған кәсіпорын бұдан 80 жыл бұрын құрылған екен. Қысқаша тарихына тоқтала кетсеңіз?
– Кәсіпорын тарихы ХХ ғасырдың 30-жылдарында колхоз және совхоздардағы ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру, ең алдымен, жер қорын негізгі өндіріс құралы ретінде зерттеуді талап еткен кезден бастау алады. Республиканың жер органдары сол кездері ауылшаруашылық жерлерді картаға түсіруге мұқтаж болды және осы материал­дар­ға сұраныс жыл сайын артып отырды. Көп ұзамай, бұл міндетті аэрофототүсірілім көме­гі­мен жүзеге асыруға көшті. 1936 жылы Мәс­кеу­дегі «Сельхозаэеросемка» кәсіпорны­ның Алматыда филиалы ашылды. Содан бергі жылдарда бұл кәсіпорын Орта Азия бойын­ша «Сельхозаэеросъемка» кәсіпорны­ның жалғыз ғана филиалы болды. КСРО ыды­рағаннан кейінгі соңғы бірер жылда еліміз нарықтық экономикаға өтуіне байланысты Кеңес Одағынан қалған ескі карталарды жаңалау үрдістері біраз уақыт тоқырап қалғаны рас. Сол ескі карталармен еліміздегі жаңадан белгіленген ауылдық, аймақтық шекаралар, нысандар сәйкес келмей, көптеген қиындық­тар туғызып жатты. Әсіресе, бұл үрдіс жер телім­дерін түгендеу кезінде қатты байқалды. Осыдан келіп тез арада еліміздегі ауыл шаруа­шы­лығы карталарын қайта жасау қажеттігі туды.
Институттың аумағында 147,0 м2 жерге орналасқан фото негативтерді сақтайтын, «құпия» белгісімен қорғалатын арнайы қоймамыз бар. Мұнда 1966 жылдан бастап, Қазақстан, Орталық Азия елдері, Орал өңірлерінің миллионнан астам аэротүсірі­лім­дері, негативтері сақталады. Негативтерде аэро­ғарыштық түсірілімдер арқылы алынған жер бетінің әртүрлі ақпараттары бар түсірілімдер. Олар мемлекеттік құпия болып саналады. Әлемдік масштабта өте жоғары бағаланады.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан 
Қайыржан ТӨРЕЖАН

 

 

Яндекс.Метрика